Жетісу облысында кәсіподақ мүшелерінің өрт қауіпсіздігі саласындағы білімін арттыру мақсатында, салалық «QazMed» кәсіподағына қарасты «KELESHEK» жергілікті кәсіподағының бастамасымен «Өрт-техникалық минимум» тақырыбында тегін онлайн-семинар ұйымдастырылды.
Өрт қауіпсіздігі – қызметкерлердің өмірі мен денсаулығын сақтау және еңбек жағдайындағы төтенше жағдайлардың алдын алу үшін аса маңызды. Өрт қауіпсіздігі талаптарын білу мен сақтау — қауіпсіз еңбек мәдениетінің және әрбір қызметкердің кәсіби жауапкершілігінің ажырамас бөлігі.
Семинарды «Жан-Адилет-Бер» ЖШС оқу орталығы өткізді. Қатысушылар өртке қарсы қорғау негіздерімен, өрт шыққан кездегі іс-әрекет тәртібімен, сондай-ақ өрт сөндіру құралдарын пайдалану мен үй-жайларды ұстау талаптарымен танысты. Семинар қорытындысы бойынша қатысушыларға үш жыл мерзімге жарамды куәліктер табысталды.