Медицина қауымдастығына түсіп отырған қысымның күшеюі мен пациенттер тарапынан агрессия жағдайларының жиілеуі жағдайында медициналық қызметкерлердің құқықтық қорғалу мәселесі ең өзекті мәселелердің біріне айналуда. Мамандарды құқықтық тұрғыдан жүйелі ағарту мен олардың кәсіби мүдделерін қорғау қажеттілігі барған сайын артып келеді.
5 қыркүйекте Көкшетау қаласында «Қазіргі Қазақстанның денсаулық сақтау жүйесіндегі өзекті құқықтық мәселелер» атты семинар өтті.
Іс-шараны «QazMed» медицина және онымен сабақтас салалар қызметкерлерінің салалық кәсіподағы» РҚБ және «Ақмола облысының денсаулық сақтау жүйесі қызметкерлерінің жергілікті кәсіподағы SENIM» қоғамдық бірлестігі» ҚБ ұйымдастырды.
Семинар Қалалық көпбейінді балалар ауруханасының конференц-залында өтіп, 90-нан астам қатысушыны жинады. Оның ішінде кәсіподақ мүшелері – дәрігерлер, медициналық ұйымдардың басшылары және өңірдің заңгерлері болды. Алыс аудандардан қосылған мамандар үшін ZOOM платформасы арқылы онлайн-трансляция ұйымдастырылды.
Семинардың модераторы «SENIM» жергілікті кәсіподағының төрағасы Серік Қабдушұлы Какенов болды. Ол өз сөзінде мұндай іс-шаралардың маңыздылығын атап өтіп, медициналық қызметкерлердің түрлі қиын жағдайларға дайын болуына септігін тигізетінін жеткізді.
Қатысушыларға алғы сөзін Ақмола облысы Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Ермек Нариман Ермекұлы арнады. Ол медицина қызметкерлерінің құқықтық сауаттылығын арттырудың қажеттілігін ерекше атап өтті. Сонымен бірге дәрігерлер заңды құқықтары мен мүдделерін қорғауға арналған нақты құралдарға ие болуы тиіс екенін баса айтты.
Семинардың тәжірибелік бөлігін құқық магистрі, медициналық құқық саласының маманы Талғат Бауржанұлы Жумагазин жүргізді. Ол жан-жақты баяндап өтті:
• медицина қызметкерлерін құқықтық қорғау тетіктерін;
• кәсіби жанжалдар кезіндегі іс-әрекет алгоритмдерін;
• пациенттермен, олардың туыстарымен және қадағалаушы органдармен қарым-қатынас жасау қағидаларын;
• медициналық құжаттаманы жүргізу ерекшеліктері мен қызметтік даулар кезіндегі құқықтарды қорғау жолдарын.
Қатысушылар белсенділік танытып, сұрақтар қойып, тәжірибелерімен бөлісті және нақты жағдайларды талқылады. Көпшілігі алған білімдерінің кәсіби қызметте сенімді болуға көмектесетінін атап өтті.
Мұндай семинарлар – тек оқыту ғана емес, сонымен бірге денсаулық сақтау жүйесінде құқықтық қорғалу мәдениетін қалыптастыруға жасалған маңызды қадам.