Наверх
«QazMed» медицина және онымен сабақтас салалар қызметкерлерінің салалық кәсіподағы» республикалық қоғамдық бірлестігі

Тіліңізді таңдаңыз

Бәйдібек ауданында медицина қызметкерлерімен кездесу өтті

2026 жылы 5 маусымда Бәйдібек аудандық орталық ауруханасында «Қалың қалай, бастауыш ұйым?» акциясы аясында медицина қызметкерлерімен кездесу өтті. Іс-шараға «DENSAULYQ» денсаулық сақтау ұйымдары жұмыскерлерінің жергілікті кәсіподағы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Сакен Арыстанұлы Катбаев және «Түркістан облысы кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы Өмірәлі Бердіғали қатысты.

Кездесудің негізгі мақсаты – медицина қызметкерлерімен ашық диалог орнату, кәсіподақ қызметінің негізгі бағыттарын түсіндіру, еңбек қатынастары мен әлеуметтік қорғау мәселелері бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізу және сала қызметкерлерінің ұсыныс-пікірлерін тыңдау болды.

Жиын барысында алғашқы болып сөз алған Өмірәлі Бердіғали Қазақстан Республикасындағы кәсіподақ қозғалысының бүгінгі даму бағыттары, денсаулық сақтау саласындағы кәсіподақ ұйымдарының атқарып отырған жұмыстары туралы кеңінен баяндады. Сонымен қатар кәсіподақтар тарапынан қол жеткізілген жетістіктер мен жүзеге асырылып жатқан әлеуметтік жобаларға тоқталып, қызметкерлердің құқықтық сауаттылығын арттырудың маңыздылығын атап өтті.

Ашық форматта өткен кездесуде Бәйдібек аудандық орталық ауруханасының қызметкерлері Гүлнар Сыздықова, Динара Тілепова, Нұрлан Жолдасбеков, Нұржан Жұмағұлов және Мақсат Тілепов өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, кәсіподақ қызметіне қатысты мәселелер бойынша жан-жақты жауаптар алды. Қатысушылар тарапынан қойылған барлық сұрақтар талқыланып, тиісті түсіндірмелер берілді.