Республика күні қарсаңында Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ел дамуына, ұлттар арасындағы достық пен келісімді нығайтуға және белсенді азаматтық ұстаным танытқан азаматтарды марапаттау туралы Жарлыққа қол қойды.
Марапат иелерінің қатарында – елдің рухани және зияткерлік әлеуетін арттыруға сүбелі үлес қосқан «Qamqor» Ақтөбе облысы денсаулық сақтау қызметкерлері кәсіподағының төрағасы, облыстық мәслихат депутаты Сабыр Қайрат Қанатұлы бар. Ол «Парасат» орденімен марапатталды.
«Парасат» ордені – мәдениет, ғылым, білім, денсаулық сақтау және қоғамдық қызмет салаларында елеулі еңбегімен ерекшеленген тұлғаларға берілетін еліміздің жоғары мемлекеттік наградаларының бірі. Бұл марапат – Қазақстанның дамуы мен рухани құндылықтарының нығаюына бағытталған көпжылдық адал еңбектің мойындалуы. Мұндай жоғары баға – бүкіл кәсіподақ ұжымының еңбегіне берілген лайықты құрмет.
Әрбір жетістік – күнделікті еңбектің, ұйымшылдық пен өзара қолдаудың, ортақ іске деген адалдықтың нәтижесі. Бұл марапат жеке еңбектің ғана емес, ұжымдық бірліктің де айғағы. Себебі үлкен мақсаттарға тек бірлік арқылы ғана жетуге болады.
Қайрат Қанатұлы басқаратын кәсіподақтың қызметі Қазақстан Республикасының Президенті Жолдауында айтылған қағидаттармен толық үндеседі. Мемлекет басшысы атап өткендей, елдің ең үлкен байлығы – адам, ал еңбек – оның әл-ауқатының негізі. Бұл сөздер кәсіподақ қызметіне де мәнін айқын көрсетеді.
«Qamqor» кәсіподағы күн сайын қызметкерлердің құқықтарын қорғап, еңбек жағдайларын жақсартуға және әлеуметтік әріптестікті нығайтуға бағытталған жүйелі жұмыс жүргізіп, өңірдің кәсіби қауымдастығының дамуына елеулі үлес қосып келеді.