23 мамыр күні Жамбыл облыстық «QazMed» салалық кәсіподағы филиалының төрағасы Нурлан Оразқұлұлы Махашов кәсіби шеберліктің, ғылым мен адал қызметтің символына айналған тұлға — Сағындық Ордабекұлы Ордабековті 75 жылдық мерейтойымен құттықтап, оған денсаулық сақтау саласына сіңірген көп жылғы еңбегі үшін 275 мың теңге көлеміндегі қаржылай сертификат табыстады
Сағындық Ордабеков — тек медицина саласында ғана емес, жалпы зиялы қауым арасында да үлкен құрметке ие есім. Профессор, жоғары санатты хирург, Нью-Йорк ғылым академиясының және Қазақстан Журналистер одағының мүшесі ретінде ол бүкіл өмірін адам өмірін сақтап қалуға, ғылым жолына, ұстаздық пен публицистикаға арнады. Жиырма жылдан астам уақыт Жамбыл облысының бас хирургі болған ол Тараз қаласында эхинококкозды зерттеу ғылыми орталығын ашып, 300-ден астам ғылыми мақала, 7 монография, 8 оқулық және 12 өнертабыстың авторы атанды.
Оның таланты сан қырлы — ол тек дәрігер мен ғалым ғана емес, жүрекке жетер эсселер мен әдеби кітаптар жазған қаламгер, публицист. Ерен еңбегі мемлекет тарапынан марапатталып, Сарысу ауданының Құрметті азаматы атағы берілген.
Құттықтау сөзінде Нурлан Махашов атап өтті:
«Бүгін біз тек кәсіби маманды ғана емес, ғылыми ізденіс пен адамгершілікке толы өмір жолының иесін құрметтеп отырмыз. Сағындық Ордабекұлы — отандық медицинаның тірі аңызы. Оның өмір жолы жас буын дәрігерлерге үлкен шабыт береді. Барша кәсіподақ қауымдастығы атынан Сізге терең алғысымызды білдіреміз, құрметті профессор. Сізге зор денсаулық, жаңа идеялар мен шығармашылық ұзақ ғұмыр тілейміз».