2025 жылдың 25 қазанында «DENSAULYQ» денсаулық сақтау ұйымдары қызметкерлерінің жергілікті кәсіподағы қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен әлеуметтік қолдау шарасы өтті. Акция аясында 330 кәсіподақ мүшесіне және олардың отбасыларына негізгі тұтыну өнімдерінен құралған азық-түлік себеттері таратылды.
Бұл шара кәсіподақтың тұрақты түрде жүзеге асырып келе жатқан әлеуметтік жауапкершілік пен қайырымдылық дәстүрінің жалғасы болды.
Кәсіподақ төрағасы Сакен Арыстанұлы бұл бастаманың маңыздылығына тоқталып, өз сөзінде былай деді:
«Біздің басты мақсатымыз – кәсіподақ мүшелерінің әл-ауқатын жақсартуға, әлеуметтік тұрғыдан қолдауға бағытталған нақты істер атқару. 25 қазан күні өткізілген бұл акция – көп балалы, аз қамтылған және өмірлік қиын жағдайға тап болған отбасылар үшін үлкен демеу. Біз үшін ең бастысы – адамдардың ризашылығын көру», – деді ол.
Азық-түлік себеттерін тарату ісі кәсіподақ ұйымының белсенділері қатысуымен жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Әр отбасының жағдайы ескеріліп, көмек дәл өз иелеріне жеткізілді. Алғыс білдірген қызметкерлер мен отбасылар мұндай қамқорлықтың рухани демеу болатынын атап өтті.
«DENSAULYQ» кәсіподағы жыл сайын әлеуметтік бағыттағы іс-шараларды жүйелі түрде өткізіп келеді. Мәселен, биылғы жылы «Бірінші сыныпқа – бірінші рет» акциясы аясында 256 балаға мектеп сөмкесі мен оқу құралдары табыс етілді.
Іс-шара соңында Сакен Арыстанұлы алдағы уақытта да кәсіподақ мүшелеріне қолдау көрсету бағытындағы шаралар жалғасатынын атап өтті:
«Біз әлеуметтік бағыттағы жұмыстарды жүйелі түрде жалғастырамыз. Әр отбасыға тиген көмек – кәсіподақ ұжымының бірлігінің, өзара қолдауының белгісі», – деді ол.
25 қазан күні өткен бұл игі іс — кәсіподақтың мейірімділік пен адамгершілікке негізделген нақты қадамы, ал алынған ризашылық сөздері – сол еңбектің ең үлкен бағасы болды.